Ақтөбе облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек бекеті

Ана сүтінің маңызы-жас аналарға кеңес.

13.04.2017

     

    2017 жылдын  сәуір айында аудандық ауруханың «Самғау» жастар денсаулық орталығы мен аудандық жастар ресурстық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен жас аналар арасында Ана сүтінің маңызы жөнінде жас аналарға кеңес-семинар-тренинг өткізілді.

        Аудандық аурухананың неонатолог дәрігері емшек сүтімен қоректендірудің  тәжірибесі мен артықшылығы баланың жүйке-психикалық және физикалық дамуына әсері туралы бейнеайналма арқылы түсіндірді. Сәбидің тіршіліктегі ең алғаш татар нәрі – анасының сүті. Ана сүті өмірге жаңа келген сәби үшін бірден-бір таптырмайтын қорек. Ана сүтін беру интеллектуалды және эмоционалды дамудың жақсы негізін қалайды. Ал ана сүтін ембеген бала, көп жағдайларда, аурушаң болып өседі.
Сәби мұрнында сүт иісін тез сезетін қасиеті дамыған. Соның арқасында жас нәресте ерніне тиген нәрсеге дереу ауыз салып, еме бастайды. Тіпті, туылғанына жарты сағат өтпей жатып оның еміп кетуі таңғаларлық. Ему кезінде баланың бүкіл ағзалары жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі. Оған ең алдымен уыз берілуі де ғажап. Өйткені, уыз құрамы сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті витаминдерге өте бай. Бір қызығы, бала өскен сайын ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Бұл – оның ғажайыптығы. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жатуының мәні осы.Емізу баланы да, ананы да жайлы сезімге бөлейді, баламен қатар ананың жүйке жүйесіне, ағзаларына  емізудің пайдасы зор. Сондықтан балаңыздың дені сау болсын десеңіз кем дегенде 1 жыл, тіпті 2 жыл емізіңіз!

         Иммунолог дәрігер сәби дүниеге келгеннен бастап, перзентханада жасалатын екпелер, екпелердің сәби денсаулығына оң әсері жөнінде түсіндірді. Жастар ресурстық орталығының басшысы жас отбасы, ұрпақ сабақтастығы, ананың отбасындағы, бала тәрбиесіндегі  ролі жөнінде жас аналарға бейнеайналма көрсетіп түсіндірді.

        Алға аудандық орталық ауруханадағы  «Самғау» жастар   денсаулық орталығының дәрігері   былтыр ашылған жастар орталығы-ның  мақсаты - жасөспірімдер  мен  жастарға  медициналық, психологиялық, әлеуметтік  көмек беру,  аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру  және насихаттау, сенімсіздіктен арылу, сауатты қарым-қатынас дағдылары, оны жақсарту жолдары, денсаулықты сақтау, өмір салтын тиімді ұйымдастыру  мәселелері бойынша  психологиялық кеңестер алып, тренингтер жүргізілетіндігі, жұмыс жасайтын мамандар, жүргізілген жұмыстар жөнінде түсіндірді.  7-01-12 сенім телефоны жұмыс жасайтыны, әр уақытта сұрақтарыңыз болса хабарласып тұруға болатыны жөнінде кеңестер берді. 

      Ақпараттық оқыту материалдары таратылды.

      Қойылған сұрақтарына қатысушыларға  толық  жауаптар берілді.      

.